Бөлімдер
open all | close all
Мұрағат
Күнтізбе
Декабрь 2018
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Ноя    
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31  

Көңлім қайтты достан да, дұшпаннан да

Көңлім қайтты достан да, дұшпаннан да,

Алдамаған кім қалды тірі жанда?

Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,

Жалғыз-жарым болмаса анда-санда.

 

Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,

Ол тұрмас бастан жыға[1] қисайғанда.

Мұнан менің қай жерім аяулы деп,

Бірге тұрып қалады кім майданда?

 

Ендігі жұрттың сөзі — ұрлық-қарлық,

Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.

Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ

Мейір қанып, мәз болып қуанарлық.

 

Байлар да мал қызығын біле алмай жүр,

Жаз жіберіп, күз атын міне алмай жүр.

Сабылтып, күнде ұрлатып, із жоғалтып,

Ызаменен ыржиып күле алмай жүр.

 

Саудагер тыныштық сауда қыла алмай жүр

Қолдан беріп, қор болып, ала алмай жүр.

Ел аулақта күш айтқан, топта танған

Арсыз жұрттан көңілі тына алмай жүр.

 

Естілер де ісіне қуанбай жүр,

«Ел азды» деп надандар мұңаймай жүр.

Ала жылан, аш бақа күпілдектер

Кісі екен деп ұлықтан ұялмай жүр.

 

Бектікте біреу бекіп тұра алмай жүр,

О-дағы ұры-қарды қыра алмай жүр.

Қарсылық күнде қылған телі-тентек

Жаза тартып ешбірі сұралмай жүр.

 

Қарындас қара жерге тыға алмай жүр,

Бірінің бірі сөзін құп алмай жүр.

Құда-тамыр, дос-жарың, қатын-балаң –

Олар да бір қалыпты бола алмай жүр.

 

 

Бір күшті көп тентекті жыға алмай жүр,

Іште жалын дерт болып, шыға алмай жүр

Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі,

Не пайда, не залалды біле алмай жүр.

 

Жетіліп жаз жайлауға қона алмай жүр,

Күз күзеу де жанжалсыз бола алмай жүр.

Қыс қыстауың — қып-қызыл ол бір пәле,

Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр.

 

Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр,

Сұрамсақтар нәпсісін тыя алмай жүр.

Сәлем — борыш, сөз — қулық болғаннан соң,

Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр?

 

 



[1] Дулығаның артынан қаптап қоятын зат

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Яндекс
facebook twitter Vkontakte Mail.ru
Хабарландыру
Конференцияға қатысу және материалдарды жариялау үшін сұраныстар жасау мерзімдері:


«Аударматану мен әдеби компаративистиканың өзекті мәселелері» Әр жылдың 5 ақпанына дейін

«Абай және қазіргі заман» Әр жылдың 5 сәуіріне дейін

«Мәдениетаралық коммуникация және әдеби компаративистика» Әр жылдың5 мамырына дейін

«М.Әуезов және әлем әдебиеті» Әр жылдың5 қыркүйегіне дейін

«Қабдолов оқулары» Әр жылдың 15 қарашасына дейін

Ыстықкөл форумы «Ш.Т.Айтматов және әлем әдебиеті» Әр жылдың 01 мамырына дейін .
Баннерлер