Бөлімдер
open all | close all
Мұрағат
Күнтізбе
Октябрь 2018
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июн    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031  

Балемер Сахариев. ӨШПЕС МҰРА

414847_2113845644_908_Saxaryev_Balamer

Б. Сахариев

Абайды біз ұлы ақын дейміз. Мұның өзі әрбір юбилей күндерінде жазылатын мақалаларға тән жалпы мақтау сөздер болмаса керек. «Ұлы» немесе «Данышпан» деген мақтау сөздерді әртұста әркімге қолданатын уақыттар болады. Бірақ, соның бәрі бір дәрежеде емес. Абай есімі аталғанда «Ұлы», «Данышпан» деген сөздер еріксіз келіп оралады. Бұл сөздер айтылмаса, Абай есімі өгейсіп тұрғандай.

Абай ас беріп, ат мінгізіп, шапан жапқан бай үйінің «салтанатын, мырзалығын» мақтап сарнаған ақындарға қарсы күрес ашты. Өлеңді күнкөрістің құралы етіп, кәсіпке айналдырушылдыққа жан-тәнімен қарсы болды.

Абай «әр елден өлеңмен қайыр тілеп, сөз қадірін кетірген» кезеген аяқ ақындарды аяусыз әшкереледі. Сөйтіп, ол тұңғыш рет поэзияның қоғамдық ролін, көздейтін нысанасын айқын белгілеп берді.

                                      Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

                                      Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

                                      Көкірегі сезімді, тілі орамды.

                                      Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

                                      Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ,

                                      Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.

                                      Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

                                      Думан, сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.

Әр шақта жазылған осы екі шумақ өлеңде Абай поэзиясының мақсаты айқын белгіленген. Ақын поэзия «еріккеннің ермегі емес», халыққа қызмет етудің, күрестің, тәрбиенің құралы екенін жақсы түсінді. Сөйтіп қазақ әдебиетінде Абай тұңғыш рет «искусство искусство үшін» емес екендігін іспен дәлелдеді. Поэзия шын мәнінде искусствоға, күрес құралына айналды. Халықтың ғасырлар бойы сараланбай  келе жатқан бай сөзказынасына Абайдай көркем сөз шеберінің қолы араласты. Бұл мол мұрадан ұлы ақын асылы мен бағалысын ғана іріктеп алып, әсерлі сөз сапына тізді де, жасығы мен қоқысын поэтикалық тілден аластады. Сөйтіп, ұлы ақын шын мәнінде сөз қазынасының инженері болды. Абай творчествосының бір ерекшелігі міне осында. Бұл жайға тоқтала келіп Абай өмірі мен творчествосының орасан білгірі Мұхтар Әуезов былай деп жазды: «Өлең ермек емес, өнердің басы. Ол өнер халықтың тілін де, ойын да жаңғыртып, түлетіп өсірсін. Ең алдымен алысқанда надандық, қараңғылықпен алыссын. Соны жас ұрпаққа, халықтың болашақ тарихының жаңа қауымына әдейі арнап тұрып айтады. Тағы да шынайы әлеуметтік тартыстың құралы болған өлең арзан бағаланбайды. Жеңіл жеңіске, сән сауыққа ермек қана боп кетпейді. Өзгеге, алысқа, халықтык, тарихтық ұлы арманға мегзейді…

Өлең жазудағы мақсатым осы, бұл халқым алдындағы қарызым дей түсіп, Абай бұрын жариялаған ақындық, платформасына тағы да бірнеше кесек ойлар қосады».

Абай творчестволық жолының алғашқы кезінде араб, парсы, шағатай әдебиетінің классикалық үлгілерімен танысып, соған біраз еліктеді. Бірақ, кемелденіп, толған шағында ұлы ақын орыстың прогресшіл классикалық әдебиетін құныға оқып, үйренді. Орыс әдебиетінің мол мұрасын мейлінше оқып-үйренудің арқасында ғана Абай табиғат соншама жомарттықпен сыйлаған қуатты талантын көпке танытты. Ақын оқушыны бірден баурап әкететін сиқырлы күш ұялаған өлеңдерін орыс әдебиетінің игі әсерімен жазды. Міне Абайдың искусствоға, өмірге көзқарасы XIX ғасырдағы орыстың ұлы революцияшыл-демократ сыншылары Белинский, Ченышевский, Добролюбовтардың ықпалымен қалыптасты.

Ендігі жерде поэзия ақынның ең бірінші өмір қажетіне айналды; ақынның:

                                               Өзгеге көңілім тоярсың,

                                               Өлеңді қайтіп қоярсың, -

 

деген пікірі осыны аңғартады. Бұл ерте ме, кеш пе, творчестволық еңбектен басқа қызықтың бәрі де жалықтырады дейтін Л. Н. Толстойдың пікірімен үндес екені даусыз.

Дау-жанжал, ұрлық-қарлық, барымта, зорлық-зомбылық етек алған жағдайда жаны кейіп жүрген ақынның жақсы тұрмысты ойлауына да орыс әдебиеті мұрындық болды. Қараңғылық пен надандық тұманы түнеп, әрекетсіздік пен әділетсіздік жайлаған жайбарақат халқының болашағына ой жіберген ұлы ақынға үміт саңлауы алыстан бұлдырап көрінді. Абай өз жанын тебіренткен небір күрделі мәселелердің түйінін, өз халқының азат болуының мүмкіндігін орыстың прогресшіл әдебиеті мен мәдениетінен, орыс халқының озат ойынан іздеп тапты да, қазақ халқын сол бір сәулеге бағыттады. Ұлы ақынның жүрегі жұртым деп соғып, қаламы халық деп қозғалды. Ұлы ақын қазақ халқын орыс тілі мен мәдениеті арқылы бүкіл адамзаттық мәдениетке жетуге, сөйтіп өнерлі жұрттың қатарына қосуға талпындырмақ болды. Ақын мұны өзінің саналы өмірінің мақсаты деп білді. Ол қазақ коғамындағы артта қалған пікірлерге, орыс халқының мәдениетіне жақындасуға бөгет жасайтын зиянды үгіт, кедергі атаулының барлығына қарсы күресті. Ақынның халыққа қызмет ету мақсатынан туған алыс арманы мен асыл ойлары өлеңіне келіп құйылды.

Революциядан бұрынғы казақ арасында сөзге қонақ бермей, жамандық атаулы болса, «орысқа» аудара салатын ислам дінінің зиянды үгітінен туған надандықты аяусыз әшкереледі. «Интернатта оқып жүр» деген өлеңінде ақын:

                                               Орыс теріс айтпайды,

                                               Жаман бол деп оларды.

                                                Қаны бұзық өзі ойлар,

                                               Қу менен сұм боларды.

                                               Орыста қалар жаласы, -

 

деп жазса, «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп» деген өлеңінде:

                                      Тура тілді кісіні дейміз орыс,

                                      Жиреніп, жылмаңдықты демес дұрыс… -

деді. Ақын осылайша қазақ арасындағы «қаны бұзықтардың» кеселді пікірлерін әшкерелей отырып, Россияның прогресшіл мәдениетіне жету қазақ халқының шынайы арманы екенін түсіндірді. «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да — бәрі орыста тұр. Залалынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі:олар дүниенің тілін білді,  мұндай болды.  Сен оның тілін білсең, көкірек көзі ашылады… Орыстың ғылым, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі… барыңды салсаң да балаңа орыстың ғылымын үйрет» деп жазды Абай.

Ұлы ақын тәжік пен татардың даөнері қазақтан әлдеқайда ілгері екенін түсіндірді. Бұл халықтар қазақсахарасындағыша өтірік пен өсек қумай, «шаруа қуып,өнер тауып, орыстыңөнерін бізден көп үйреніп кетті» деді.

Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың шығармаларының игі дәстүрі сөз болғанда, оны қазақ өлеңдерінің жасалу техникасына Абай енгізген жаңа формалар мен синтаксистік сөйлем құрылыстарының,сөз қолданыстардың тұрғысынан ғана танып қою жеткіліксіз. Абай мұрасыныңтамаша дәстүрлерінің бірін оның қазақ халқын ұлы орыс халқымен, сондай-ақ басқа да туысқан халықтармен достыққа, мәдени қарым-қатынас жасауға шақырған тамаша прогресшіл идеясынан іздеу қажет. Бүгінгі ұрпаққа Абай қадірінарттырып, ақын атын ардақтатып отырған да – оның осындай   достықты үгіттеуі сол жолда тынбай істеген творчестволық еңбегі болса керек.

Қазақ халқын ұлы орыс халқымен және басқа да туысқан халықтармен достыққа шақыру — Абай творчествосының прогресшілдік сыпатын белгілейтін ең негізгі, басты тақырыптың бірі. Абай шығармаларында тамаша интернационалистік пікірлер бар. Әрине, бұдан Абай барлық елдердің еңбекшілерін күреске шақырды деген ұғым тумайды. Абай барлық елдердің еңбекшілерін емес, тіпті, қазақ еңбекшілерінің өзін де күреске шақыра алмады. Бұл Абайдың бүкіл творчествосындағы, қоғамдық әлеуметтік пікірлері мен идеясындағы шектеушілік еді.

Абай өзінің көптеген өлеңдері мен қара сөздерінде қоғамдық дамудан кенжелеп қалған қазақ халқын озық елдердің өнерінен, мәдениетінен, ғылымы мен білімінен үйренуге үгіттеді. Оның ең алдымен үлгі етіп ұсынғаны да, өзіне ұстаз тұтып оқып, үйренген мектебі де орыс жұрты, орыс халқының прогресшіл мәдениеті болды. Ақынның сол кездегі талапсыз, харекетсіз «елең-селеңмен» өмір оздыруға құмар қазақ жастарын орыстың ұлы жазушылары Салтыков пен Толстойдан
үлгі алуға шақыруы да сондықтан болатын.

Ақын орыс тілі мен орыс мәдениеті арқылы қазақ халқын бүкіл адамзаттық мәдениетке жетуге, сөйтіп өнерлі жұрттың, мәдениетті халықтың қатарына қосылуға талпындырмақ болды. Орыс тілін үйрену мақсатын ақынның өз көңіліндегідей тани алмай, теріс түсініп, ал тілді білуді патшаға қызмет етіп, «шен-шекпенкиюдің» қарызындай танып жүрген кейбір қазақ жастарына Абай орыс ғылымын оқып үйренудегі мақсатты айқын ашып түсіндірді.

                                      Пайда ойлама, ар ойла,

                                      Талап қыл артық білуге.

                                      Артық ғылым кітапта

                                      Ерінбей оқып көруге.

                                      Военный қызмет іздеме

                                      Оқалы киім киюге…

                                      Жанбай жатып сөнуге, -

деп жазды Абай.

XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласына орыс халқының тұрмыс салтының шындап араласа бастауы орыс мәдениетіне бой ұруды тудырмай қойған жоқ; қазақ жастарының алғашқы буыны ғылым мен мәдениетке ұмтылды. Міне, Абай идеясы да қоғамдық дамудың осындай тынысынан келіп туған еді. Өйткені, қашан да болсын ақынды халық пен өмір сүрген заманы тудырады.

«Абай шығармасында әлеуметтік сарынның жаңа ағымын туып, өсіп, ең алдымен әзірлеген жағдай, — деп жазды М. Әуезов, — сол кездегі көпшілік қоғам тұрмысының өз қалпы болады. Сол өз ортасының не күйі бар, неге мұқтаж екенін көппен бірге сезіп, мұң еткен ақын енді сондайлық әлеуметтік мазмұн сарынды сыртқа шығаратын жол, үлгі, өнеге іздейді. Осылайша іздену жолында жүргенде, өз қауымындай қоғамдардың ортасынан шығып, елге сапалы еңбек етіп еткен ағартушы, мәдениетті, либерал, бұқарашыл ақындардың ізін, жолын көреді. Сонымен барып Пушкин, Лермонтов, Салтыковтың мектебіне үңіледі. Өзгерек жағдайда, өзгеше құлдық, надандық, зұлымдық қорлығында жатқан өз жұртшылығына, аналардың сарынымен бұдан өзгеше өнегелі еңбек етпекке талпынады.

Міне, Абайды европа мектебімен, орыс әдебиетінің классик дәуірлерімен жанастырып, қабыстыратын өткел осындай қоғамдық, тарихи өткелдер болады. Мазмұн сарыны, ішкі бағыт нәрі ел тұрмысының, қоғам күйінің өзіндік, анайы топырағынан шыққан сарын, нәрлер болады. Соны жарыққа шығаратын түр-үлгіні ғана орыс халқының асыл қазынасынан алады».

Абайдың өмір сүрген заманы, сонымен бірге, қазақ даласында ислам  дінінің де әрекетікүшейген кез еді. Ислам діні фанатиктерінің ең зиянды және ең қауіпті әрекеті — олардың қазақ халқын ұлы орыс халқының мәдениетінен алыстатқысы, сөйтіп, реакцияшыл шығыстың кертартпа   мәдениетіне қарай бейімдегісі келгендіктерінде еді. Олар өздерінің бұл зұлымдық пікірлерін діни қабыршықтарымен бүркемелеп отырды, орыс халқын басқа діннің адамдары болғандықтан мұсылманға дос емес деп түсіндірді. Ислам дінінің бұл зиянды әрекетін патша үкіметі өз мақсаттары үшін барынша қуаттады. Патша үкіметі Россияның шет аймақтарындағы халықтарды орыс халқының мәдениетінен жырақ ұстағысы келді. Өйткені, патша үкіметі артта қалған қараңғы ұлттардың еңбекшілеріне орыс еңбекшілерінің көрсететін күрес үлгісінен, беретін өнегесінен мейлінше қорықты. Ал, ислам дінінің әлгіндей үгіті патша самодержавиесінің ұлт араздығын қоздыру отына май құйды.

Әрине, қазақ халқының ұлы орыс халқына,оның озат мәдениетіне ұмтылуын патша үкіметінің реакцияшыл саясаты да, сондай-ақ ислам   дінінің үгіті де тоқтата алмады. Алайда қоғамныңанағұрлым артта қалған бөлігінің ішінде, діннің айтқанына көзсіз еріп, «орыс» деген сөзге тосырқап, үрке карайтын адамдар болған жоқ деп айту қиын. Өйткені    әрбір қоғамда үстем идеология — сол қоғамдағы үстем таптың идеологиясы. Ал, үстем идеология өз үстемдігінсездірмей, қоғамдық пікірге әсерін тигізбей отыра алмайды.

Орыстың революционер-демократ сыншысы Добролюбов осындай жағдайларды ескеріп бірсыпыра шет аймақтардағы ұлттар орыстарға сенімсіздікпен қарайды, ал бұған кінәлі орыс халқы емес, патша самодер-жавиесі деген болатын.

Басқа халықтардан, әсіресе орыс халқынан үйреніп, оған жақын болуды мұсылманшылықтың кешпес күнәсіндей етіп түсіндіретін реакцияшыл діни көзқарасты батыл әшкерелеу — Абай заманы үшін бұл, сөз жоқ, интернационалистік пікір. Өйткені Абай заманында қазақ қоғамында бұдан озған пікір айтқан ешкім болғанжоқ. Абай қазақ халқының болашағы ұлы орыс халқымен достықта, мәдени қарым-қатынас жасауда  екенін өз кезіндеөзгеден артық түсінді. Абай қазақ халқын ұлы орыс халқымен, сондай-ақ, басқа да туысқан халықтармен достыққа шақыра отырып, өзі де сол жолда аянбай қызмет істеді. Абайдың орыс әдебиетінің тамаша үлгілерінен жасаған аудармасы да осыны дәлелдейді. Ақын орыс халқының бай әдеби мұрасын қазақ халқына өз ана тілінде таныстыру мақсатын көздеді.

Ерте ме, кеш пе орыс халқының мәдениеті бүкіл Россия халықтарына ортақ мәдениет болады, сол кезде«дабысым бүкіл Россияға тарайды» деп, болашаққа үлкен үміт артқан данышпан Пушкинніц «Ескерткішін», сол сияқты ұлы революционер демократтардың Россияның болашағы жөнінде, орыс халқының шет аймақтар үшін атқаратын ролі жөнінде айтқан пікірлерін оқып білген Абайдай ұлы ақынның халықтарды достыққа, бірлікке, ынтымаққа шақыруы әбден заңды да жағдай еді.

XIX ғасырдағы қазақ даласыныңәлеуметтік, қоғамдық тұрмысы мен өмір шындығы ақын творчсствосыныңнегізгі объектісі, нысанасы болды. Ақын ел ішіндегі озбырлықты, зорлық-зомбылықты, үстем таптың өктемдігін аяусыз әшкерелеп, қарапайым халыққа, кедейлерге жанашырлық сезіммен қарады. Ел ішіндегі ебдейсіз, оғаш мінездерді түзеу үшін қызмет етті. XIX ғасырда қазақ ауылында етек алған ұрлық-қарлық, өсек-өтірік, мақтаншақтық, арызқойлық, «елең-селеңмен» өмірді мақсатсыз, еңбексіз өткізушілік сияқты қоғам дамуына кедергі келтіріп отырған мінездерді Абай барынша әшкереледі. Оның орнына ақын халықты пайдалы іспен шұғылдануға, адал еңбек етуге, оқу, өнер, ғылым, білім іздеуге шақырды. Сөйтіп Абай поэзиясымен бірге қазақ әдебиетіне реализм бағыты еніп, берік қалыптасты. Абай осылайша әдебиетті, поэзияны жанрлық жағынан түбегейлі негіздеп, қоғамдық, әлеуметтік мәнін барынша арттырып, күшейтті.

         Алайда, ақынның ел ішіндегі оғаш мінезді түзету талабы толық жүзеге аса қоймады. Қиян-қилы қайшылығы мол заманда өмір жолын кешкен ақын көп ойланып, көп толғанып, ой соңына жете алмай, жалғыздығын, жапа шеккендігін, «етек басты» болғандығын кейбір өлеңдерінде сыртқа да шығарып отырды.

                                      Қайратым мәлім,

                                      Жетпейді әлім,

                                      Мақсат алыс, өмір шақ, -

 

деді ақын.

Сөйтіп, ол дегеніне жете алмады. Қоғамның мешеулігі, халықтың қараңғылығы «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан» ақынның аяғын тұсай берді. Бірақ, ақын налымады, өзінің үлкен үмітін ол болашаққа, жас ұрпаққа артты.

Абай — өз кезіндегі өмір шындығын жырлап, барды бадырайта айтқан реалист ақын. Бүгінгі бақытты ұрпағына да ол сонысымен қымбат.

1955

Сахариев  Б.  Күрескер тұлғасы: Мақалалар мен зерттеулер. – Алматы, 1979. – 222-229-беттер.

 

 

 

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Яндекс
facebook twitter Vkontakte Mail.ru
Хабарландыру
Конференцияға қатысу және материалдарды жариялау үшін сұраныстар жасау мерзімдері:


«Аударматану мен әдеби компаративистиканың өзекті мәселелері» Әр жылдың 5 ақпанына дейін

«Абай және қазіргі заман» Әр жылдың 5 сәуіріне дейін

«Мәдениетаралық коммуникация және әдеби компаративистика» Әр жылдың5 мамырына дейін

«М.Әуезов және әлем әдебиеті» Әр жылдың5 қыркүйегіне дейін

«Қабдолов оқулары» Әр жылдың 15 қарашасына дейін

Ыстықкөл форумы «Ш.Т.Айтматов және әлем әдебиеті» Әр жылдың 01 мамырына дейін .
Баннерлер