Бөлімдер
open all | close all
Мұрағат
Күнтізбе
Август 2018
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июн    
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031  

Манап Хасенов. АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ СЫН

 

Абай шығармаларында өмірдің әр алуан жақтарын қамтылады. Ақынның көтерген негізгі мәселесінің бірі, өз тұсындағы жұртшылық кемшілігін сынға алу болды. Бұл жөнінде өз көзімен көрген, өз басынан кешірген жағдайларды да сөз етті ол. Ел ісіне, қоғамдық мәселелерге тікелей араласа келіп, Абай әділетсіздікті көрді. Бай- феолдалдардың қулық-сұмдығын, зұлымдығын әшкереледі, би- болыстардың бүлдіргіштік әрекетін ашты.

 

«Ояз шықты, сыяз бар»,

«Ылау» деп, «үй» деп дікілдеп.

Сасып қалдым, күн тығыз…

Қарбаңдадым өкімдеп,

Старшын, биді жыйғыздым:

«Береке қыл» деп, «бекін» деп,

«Ат жарамды, үй жақсы

Болсын, бәрің күтін» деп.

Қайраттанып халқыма,

Сөз айтып жүрмін күпілдеп:

«Құдай қосса, жұртымның

Ақтармын осы жол сүтін» деп.

Қайраттысып, қамқорсып,

Сайманымды бүтіндеп,

Оңашада оязға

Мақтамаймын елімді,

Өз еліме айтамын:

«Бергенмін жоқ, -деп, — белімді».

 

Бұл өлеңде би-болыстардың зымыяндық әрекеттерін ақын ашып көрсетеді. Пара мен байлық арқылы ел билеуді қолына алған би, болыстардың ар-ұяттан айырылып, халық мүддесін, ел мұңын, шен-шекпенге сатушы жебірлер екендігін шенейді. «Болыс болдым, мінекей» деген өлеңінде Абай шен-шекпенге сатылғандарды ғана емес, көз бояушы екіжүзді ел әкімдерінің ішкі сырын ақтарып, сол кездегі әлеуметтік өмір жайын елестетеді. Ояз алдында құрдай жорғалаған болыс, өз елін жамандап оязға жағымпазданса, жұрт көзінше елдің қамын, халықтың мұңын жоқтап жүрген тәрізді болып көрінеді де, өтірік уәде, жалған сөздермен ел ішін бүлдірген парақор болыстың бейнесін береді:

 

Күн батқанша шабамын

Әрлі-берлі далпылдап…

Оязға жетсін деген боп,

Боқтап жүрмін барқылдап…

Пысықтың көбі бұғып жүр,

Беттесе алмай шаңқылдап,

Ашылып омырау, күн ыстық,

Қойын кетті алқылдап…

Кәкір-шүкір, көр-жерді

Пайда көріп ептеймін…

Бұзақының бүлігін

«Жақсы ақыл» деп, «құп» деймін,-

 

деп, олардың күні  бітіп бара жатқан үрейлі түрін сықақ етеді де, халыққа жексұрын етіп көрсетіп, мысқылдап күледі. Халық басындағы ауыртпалықтарды көріп Абай қатты күйзелді. Ізгілікті аңсаған Абай, құлаш ұрып, қарманып, шығар жолды іздеді. Өнер де, ізгілік те, болашақ та орыс халқында деп түсінді. Сондықтан Пушкин, Лермонтов шығармаларын қазақ тіліне аударып, қазақ даласына кең таратып, халықты рухани жығынан азықтандырып отыруға күш салды. Крыловтың мысалдарын (басняларын) аударып қазақтың бай- феодалдарын мазақ етіп, күлкіге айналдыруға құрал етіп пайдаланады.

Сонымен бірге, Абай сол қоғамдағы  адамдардың өзара қатынасын, типтік жақтарын өз шығармаларында ашып көрсетіп, оларға тән мінез- құлықтарды жыйнақтап шебер суреттеп отырады.

 

Арын сатқан мал ант ұрғанның

Айтқан сөзі құрысын шыққан үні…

Алыс, жақын қазақтың бәрі қаңғып,

Аямай бірін-бірі жүр гой аңдап…

 

Абай заманына наразы бола тұрса да, өмірден торықпайды. Сары уайымға салынбайды. Болашаққа үмітпен қарап, алдағы өмірге сенеді.

Бұқара халықтың үнін шығармай тежеп ұстауда, патша чиновниктері қазақтың би- болыстарын әрқашан қолдап отырды. Оларға дем беріп, ел ішінде дау- жанжалды өршіте түсті де, Абай сияқты халық қамын ойлаушыларды бас көтертпей тұқыртып ұстауға бар күшін салды. Осындай жағдайды терең ұғынып, өз көзімен көрген ақын, ел басқару істеріндегі әртүрлі зұлымдықтардың бетін аша отырып, құрып бара жатқан таптың дәрменсіз әрекеттерін әшкерлейді:

 

Барып келсе Ертістің суын татып,

Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып,

Елді алып, Еділді алып есіреді,

Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып.

Әрі-бері айналса аты арықтап,

Шығынға белшесінен әбден батып.

Сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа

Құдай құмар қылыпты қалжыратып.

Қорғаласа, қорықты деп қоймаған соң,

Шаптырады қалаға бай да аңдатып.

Күшті жықпақ, бай жеңбек әуел бастан,

Қолға түсер сілесі әбден қатып.

Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,

Әркім бір ит сақтап жүр ырылдап.

 

Міне, осылай бай-феодалдардың өзара әкімдікке таласып, өтірік, жала, жалған куәлік өткізіп, ар-ұяттан айырылған жат мінездерін әшкерлейді.

Н.Г. Чернышевский искусство жөнінде айта келіп былай дейді: «Өмірді аудырмай суреттеп, көзге  елестету деген — искусствоның жалпы ерекше белгісінің бірі. Искусствоның мәні де осында. Ол өмірді жай ғана түсіндірушілік: олар көбінесе өмір құбылыстары туралы үкім мағынасында болады». Абай өз шығармаларында өмір картинасын көркемдікпен суреттеп бере отырып, қоғамдық өмірдің ішкі жағдайын қатты сынға алады да, зілді күлкімен мінеп, сөгеді. Ол кезде ұлыққа жағыну, өтірік шағым беріп, ел ішін бірін біріне өшіктіріп отыру, қазақ даласында етек алып, үстем таптардың негізгі әдетіне айналған құбылыс еді. Осыны дер кезінде көре білген ақын, ел ішін бүлдіріп, қыян-кескі дау-жанжалды тудырушылар тек феодалдар, олардың сойылын соғушы атқамінерлер екенін шығармаларында ақиқаттықпен суреттейді. “Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып” деп улы сөзбен бүреді.

Ұлы ақын өмір шындығын айтуда әлеуметтік қоғам құрылысындағы ел билеу тәртібінде болған зұлымдықтарды ғана сөз етіп қойған жоқ. Ел ішінде етек алған қоғам құрылысының ішкі жағдайларында бай-феодал, әкім-төрелердің мал-мүлкі ұрлық, қарлықтан жыйналғандығын да ашып көрсетті.

Абай өмір сүрген дәуірде, әрбір ел билеуші әкімдер төңірегінде содыр-сотқарды жыйнап, қолтықтарына су бүркіп отырды. Сөйтіп, кімді қырына алса, соның малын айдатып алып, момындарға теңдік бермей, ұрыларын қолтығының астынан шығармай келді. Сондықтан, ел ішінде ұрлық көбейіп, момын шаруаларды зар қақтырып, малдарын берсе қолынан, бермесе жолынан алып, теңдік бермей теріс айналып кетіп отыру, үстем таптың озбырлық әрекеттерінің бір түрі болған еді. Абайдың

 

Ұрлықпен мал табам деп

Егессе ауыл шабам деп

Сүйтіп құдай атады-

 

дейтіні де осындай себептерден туған өмір шындығы.

    Сонымен бірге Абай бұл сыяқты жағдайларды сынап отырып, оның түпті түйіні неде   жатқандығын,  әсіресе, қара сөздерінде айқындай түседі. “Осылар біріне бірі достық ойлай ала ма? Кедей көп болса, ақысы кем болар еді, малдан айырылғандар көбейсе, қыстауы босар еді деп, мен ананы кедей болса екен деп, ол мені кедей болса екен деп, әуелде ішімізбен қас сағындық. Әр-берден соң сыртымызға шықты, жауластық-дауластық, партияластық. Осындай қастарға сөзім өтімді босын, және де ептеп мал жыюға күшім жетімді болсын деп, қызметке, болыстыққа, билікке таластық… Ұрылар тыйылмайды. Ел тыныш болса, оның ұрлығын ешкім сүймес еді. Ел екі жар болған соң, кім ант ішіп ақтап, арамдығын жақтап сүйеймін десе, соған жақ болып сүйеніп, бұрынғыдан ұрлығын әлденеше есе асырады”. Абай кекті ызамен әкім-төрелердің қылмысты істерін ақтармалап, өткір тілмен мінеп, сөгеді. “Осы елдің үнем қылып жүргені немене? Екі нәрсе: әуелі — ұрлық, ұры ұрлықпен мал табамын деп жүр; мал иесі, артылып алып тағы да байимын деп жүр, ұлықтар “алып берем” деп, даугерді жеп, “құтқарам” деп, ұрыны жеп жүр.

…Ұлықтар “пәлі-пәлі!” бұл табылған ақыл екен деп, мен сені бүйтіп сүйеймін деп, ананы жеп, сені бүйтіп сүйеймін деп, мынаны жеп жүр”.

Қоғам құрлысындағы бұл сыяқты ар-ұят, адамгершіліктен безген қанаушы таптың азғындаған кейпін, халық басындағы ауыртпалықты Абай дұрыс және шебер көрсете алды.

Қазақ ауылындағы осы сыяқты қым-қыйғаш, дау-шар мен ұры-қарыны, содыр-сотқарды, екіжүзді, зымыян ар-ұяттан безгендерді сынап, олардың мінін көрсете отырып, Абай жұртты көбінесе адамгершілікке шақырады. Адал достық, шын махаббатты аңсайды. Абай келешекке қол созып жаңа адамдарды, жаңа дүниені арман етеді. Соны таппақшы болып шарқ ұрып ізденеді. Ол үшін, жақсылық пен жамандықтың , ізгілік пен зұлымдықтың арасына шек қоя отырып, феодалдық салт-сана, әдет-ғұрыпқа жиіркене қарап, халықты ізгілікке, адамгершілікке үндейді.

Жақынның сөзі тәтті деп,

Жақыным айтты дей көрме.

Надандықпен кім айтса,

Ондай түпсіз сөзге ерме,

Сізге айтамын, қаупым — бұл.

 

Мінез-құлықты түзеу Абайдың данышпандықпен айтылған бұл тәрізді пікірлері шығармаларында үнемі желі тартып, әлеуметтік қоғамдық мәселелермен ұштасып келеді.

 

                                                Болмашы кекшіл,

                                                Болсайшы көпшіл

                                                Жан аямай кәсіп қыл, -

дей келе, бір жағын еңбек мәселесіне әкеліп тірейді. Сөйтіп, жақыным деп жалған істі жақтаушы болма деген пікірін дамытып айқындай түседі де,  түпкі түйіні неде жатқанын ашып көрсетеді.

Біреудің жақсылық істерін көре алмай, соның жағасынан алып, аяғынан шалып, кедергі келтіруге тырысатындар үстем таптардың арасында аз болған жоқ. Бірін-бірі күндеуден басқаны білмейтін кертертпалардың етек алып, қанат жайғанын көрген ақын, халық мүддесіне жат істерден кейінгі жастарды сақтандырып отырды.

Өткен өмірдің кертартпалы жақтарын қазбалап суреттеген Абай:

                                             Өзіңде бармен көзге ұрып,

                                             Артылам деме өзгеден.

                                             Күндестігін қоздырып,

                                             Азапқа тқалма езбеден, -

 

дейді.

Мұнда ақын екі түрлі нәрсені аңғартады. Біріншіден, өнерімен көзге түскен біреудің соңына түсіп, соны жоқ етіп барып, зұлымдықпен елдің алдына түсем деп ойлама деп ескертсе, екіншіден, пәлелі жанға жолама, жармасудан жалықпас дегенді түйеді. Әрине, Абай өмірдің әр қыйлы жақтарына көз жібере отырып, бір жағынан ақыл айтып, халық мүддесіне қайшы келетін жат мінездерден сақтандырып отыруға әруақыт күш салады.

Мұны Абайдың тұстас-замандасы Ыбырай Алтынсарин да көтерген еді:

 

                                                 Әй, жігіттер, үлгі алмаңыз

                                                 Азғын елдің ішінен.

                                                 Алыс-алыс қашыныздар

                                                 Зыяндасты кісіден.

                                                 Жақсыны көзден салманыздар,

                                                 Жақсыдан қапыл қалманыздар,

                                                 Өзі болған ерлердің

                                                 Аяғынан алмаңыздар.

 

     Бұл — Ыбырай мен Абай өмір сүрген дәуірдегі қоғамдық құрылысты, адамдардың өзара қатынастарын, олардың мінез-құлықтарын сипаттайтын шығарма. Мұнда ақын феодалдық қоғамдағы азғындаған адамдардың қулық-сұмдығынан сақтан дей отырып, халықтың қамын ойлайтын ерлердің аяғынан алма, көре алмаушылықты қоздырма, жақсының жақсылық ісінен ғибрат ал дейді.

Алтынсариннің бұл пікірі Абай шығармаларында көтерілген демократиялық идеямен үндес келеді де, адам мінездерін сыйпаттауда Абай көтерген афоризмдермен өзектесіп жатады.

Абай шығармаларында өмірді жан-жақты қамтып, терең топшылаудан туған кең пікірлер, жинақты ойлар, афоризмдер мейлінше көп. Абай «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде:

 

Ақыл сенбей сенбеңіз,

Бір іске кез келсеңіз.

Ақсақал айтты, бай айтты,

Кім болса мейлі сол айтты –

Ақылменен жеңсеңіз.

Надандарға бой бермей,

Шын сөзбенен өлсеңіз, –

 

деп шындықты шыңға көтереді. Мал-мүлікке семіріп, күш көрсетіп, көкірек керген баққұмарлардың бет-пердесін ашады. Шындыққа сүйену, адалдық, әділетікке таласу – адамдықтың борышы деген пікірін үлгі етіп ұсынады.

Абай адамдардың өзара қатынастарында болған мінез-құлықтарды ашып көрсетуде, көбінесе, афоризм-нақыл сөздер арқылы береді. Өмірдің әр алуан жақтарына көз жіберген Абай:

 

                                                   Сөзіне қарай кісіні ал,

                                                   Кісіге қарап сөз алма,

                                                   Шын сөз қайсы біле алмай,

                                                   Әрнәрседен құр қалма!-

 

деп,қортынды пікірін түйеді, халық мүддесіне қайшы келетін істерден қашықтатып, сақтандырады. Осы сыяқты өмір тәжрибесіне негізделгендіктен, Абай афоризмі әрі айқын, әрі өткір  болып келеді, оқушыны өзіне тартып қызықтырып, үнемі рухтандырып отырады.

Ұлы гуманист Абай, арам пыйғыл зымыяндарды сөге отырып, бір жағынан түзетіп жөнге салмақшы болады.

                                                  Құйрығы шаян, беті адам,

                                                  Байқамай сенбе құрбыға!

                                                  Жылманы сыртта, іші арам

                                                  Кез болар қайда сорлыға.

                                                  Ары кеткен алдағыш,

                                                 Мені-ақ алда сөкпейін,

                                                 Балы тамған жас қамыс

                                                 Ормасаңшы көктейін.

 

Мұнда Абайдың ашынған үні, кекті нараздылығы жатыр. Өйткені, бұл -өмірдің ақиқаттық шындығынан туған зілді үкім. Сондықтан да ақын ащы тілмен мінеп сөгеді. Екі жүзділердің айқын бейнесін береді. Орға жығып, түк көрмегендей болып қарап тұратын кейбір адамдардың зұлымдық әрекетін көріп, ондай арам ниетті адамдардан жастарды сақтандырады да, достыққа, адалдыққа үндейді.

Данышпан ақын әйелдердің бас бостандығын шығармаларында негізгі мәселенің бірі етіп көтеріп отырады. Абай өз шығармасында ескі әдет-ғұрыпқа өлтіре соққы беріп, әйел теңдігі мәселесін қазақ әдебиетінде бірініші рет көтереді.

 

                                           Сән-салтанат жұбантпас жас жүректі,

                                           Кім де болса тұрғысын көксемек-ті

                                           Мезгіл өткен дәуренді қуалаған

                                           Неғылсын бір қартайған қу сүйекті…

                                           Кінәсіз бәйбішемен болады араз…

                                           Біреуі — көк балдырған, бірі – қурай,

                                           Бір жерге қосыла ма қыс пенен жаз?

 

Әйел басында болған бұл сыяқты ауыр трагедияны көрген Абай мал-мүлік, байлық, салтанатқа мастанған кәрі шалдарды ажуалайды. Әйел басын допша домалатып, азаматтық арына дақ салмақшы болғандарды мінеп сөгеді.

                                        Есерлер жас қатынды тұтады екен,

                                        Жас қайғысы білдірмей жұтады екен, -

 

деп, әйел мұңын, олардың ізгілік тілегін, аңсаған арманын үнемі жоғары қойып отырады.

                                       «Етімді шал сыйпаған құрт жесін» деп,

                                        Жартастан қыз құлапты терең суға, –

 

деп, жастың азат басын озбырлыққа көндіргісі келмейді.

Абай әйел теңдігін сөз ете келіп, лирикалық шығармаларында сүйіспеншілік, махаббат мәселесіне де ерекше көңіл аударады. Азаматтық бостандықты сөз еткенде: жастардың тауып сүйгеніне қосылу мәселелерін көтеріп отырады да, мұны шығарманың арқауы етіп алады.

 

                                      Шын көңіл мен сүйсе екен кімді сүйсе,

                                      Бір мінезбен тұрса екен жанса, күйсе, –

 

деп, айнымас махаббат, шың достықты аңсайды.

Абай лирикасында сүйіспеншілік махаббат мәселелері шығыс әдебиетінің стилі бойынша сағым дүниеден алынбайды, күнделікті көріп, біліп жүрген адамдардың өмірінен алынады. Сол сыяқты Абай сыйпаттайтын сүйіспеншілік мәселелерінде қыз бен жігіт бір бірін көргенде күйреп түсіп, махаббат отының құрбаны болып кетпейді. Бұл жағынан алғанда да Абай лирикалары шындықтың айқын айғағы болып отырады. Әйел теңдігін Абай жоғары қояды да, олардың азаматтық еркіндігін үнемі қорғап отырады.

Абай өмірдің әр алуан жақтарына көз жіберіп, қазақ аулындағы тап теңсіздігін, кедей мен байдың арасындағы үзілмей келе жатқан қайшылықтардың бетін ашады. Бұл жөнінде Абай ең алдымен бай мен кедей арасындағы шиеленіскен тартысты көреді де, үстем таптың кедей жалшыларды аяусыз қанап отырғандығын сипаттайды, олардың қолына жыйналған байлық кісі еңбегін аяусыз қанаудан туғандығын көрсетуге  күш салады. Кедей-жалшылардың ауыр халін, қайыршылыққа айналған аянышты тұрмысын ақиқаттықпен өте шебер сыйпаттайды.

Абай қанаушы тап пен еңбекші бұқараның арасындағы қайшылықты сыйпаттағанда, пейзажды көбірек пайдаланып, қазақтың әлеуметтік өмір тіршілігі мен табиғат құбылысын байланыстырып, көркем образ жасап отыруға өте шебер. Бұл Абай шығармаларында айрықша орын алып, табиғат құбылысын адам әрекеттерімен байланыстырып кейіптеу арқылы беріледі. Күздің ызғарлы желін, көк майса шалғын, гүл жапырағынан айырылған өңсіз қарлы-жаңбырлы кезді көздің алдынан өткізе келе, күз күзетте отырған кедей, жалшылардың киімсіз, үйсіз ауыр тұрмысын суреттеуге күш салады. Көшпелі өмір тұрмысы қалың бұқараға қаншалықты ауыр болғандығын үнемі елестетіп отырады.

                                             Кедейдің өзі жүрер малды бағып,

                                             Отыруға отын жоқ үзбей жағып.

                                             Тоңған иін жылытып, тонын илеп,

                                             Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.

                                             Жас балаға от та жоқ тұрған маздап,

                                             Талтайып қақтана алмай, өле жаздап,

                                             Кемпір-шалы бар болса, қандай қыйын,

                                         Бір жағынан қысқанда жел де азынап.

                                          Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,

                                          Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі.

                                          Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,

                                          Ол да қылған кедейге үлкен сыйы.

                                          Қар жауса да тоңбайды бай баласы

                                          Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.

                                          Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,

                                          Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.

Еңбекші бұқараның ауыр тұрмысы, кедей, жалшылардың аянышты халі бұл өлеңде өте айқын суреттелген. Қазақ ауылындағы тап теңсіздігінің негізгі түйіні үстем таптың кедей, жалшылардың еңбегін аяусыз пайдаланып, үнемі қанап отырғандығын ақын терең сипаттайды. Бай үйінің отымен кіріп, күлімен шығатын кедей өмірі, аяз бен боранға, ұры мен бөріге қарсы тұрып, мал соңында жүрген жалшының ауыр тұрмысы Абай шығармаларында айрықша орын алып отырады. Қазақ халқының көшпелі тұрмысында кедей, жалшылардың ауыр халін ақын образдылықпен суреттейді. Кедей, жалшылардың ауыр тұрмысына жаны ашып, күйзеледі.

 

                                           Жалшы үйіне жаны ашып ас бермес бай,

                                            Артық қайыр артықша қызметке орай, –

 

деп, кедей жалшылардың еңбегін қанап отырған бай, феодалдарды қатты сөгіп, қазақ аулындағы тап теңсіздігінің бетін ашады.

Абай дін мәселесіне келгенде де, дін иелерінің халықты алдап келгендігін нағыз реалистікпен көрсетті.

 

                                                  Наданның көңлін басып тұр

                                                  Қараңғылық пердесі…

                                                  Кітапты молда теріс оқыр

                                                  Дағарадай болып сәлдесі,

                                                  Мал құмар, көңлі бек соқыр,

                                                  Бүркіттен кем бе жем жесі?

 

Міне, бұл – дін иелерінің қараңғы халықты тұншықтырып ұстап, айла-амалмен мал жыйнап, бұқара халықты үнемі езіп отырғандығын сыйпаттайтын өткір сатира. Демократиялық идеяны көтере отырып, патриархалдық-феодалдық қоғам құрылысына қарсы күрес ашып, үстем таптарды батыл сынап, жауыздық әрекеттерін үнемі әшкерелеп отырды.

                                                 Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

                                                 Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла,

                                                 Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім,

                                                 Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!

 

Міне, бұл – өмір шындығы. Адал ойдан шыққан асқақ сөз. Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен Абай өз заманын түзетпекші болады. Алысады, күреседі, әділеттік іздейді. Содыр-сотқар, қыйсық-қыңырды, озбыр зұлымдарды, топас әкімдерді міней отырып, тіл найзасын түйреген ақын творчествосын күрес құралы етіп пайдаланады. Абай бұқара халықтың мұңын жоқтап, қараңғылықтан құтқармақшы болып талаптанады. Шарқ ұрып, шығар жол іздейді. Ұлы ақын келешегіне үміттене қарайды. Ұлы орыс халқын құрмет етіп, аға тұтады. Сондықтан да ұлттар достығын шығармасының арқауы етіп алады. Ұлт араздығын қоздырушыларға қарсы болады. Орыс халқының мәдениетінен үйренуге шақырады. Пушкин, Лермонтов, Л. Толстой, С. Щедринді қазақ жастарына үлгі етіп ұсынады. Орыстық классикалық әдебиетінен нәр тауып, әлеуметтік ой-пікірінен азықтанып отырады. Халықты оқу, өнерге үндейді, еңбекке шақырып, отырықшы мәдениеті елдің кәсібімен шұғылдануды ұсынады да, әлеуметтік өмірге көзқарасын ашық айтып, үйрен, көзің ашылады, орыс мәдениетіне ұмтыл дей отырып, болашаққа зор сеніммен қарап, қазақ халқының арасына орыс халқының мәдени мұрасын кең таратуға күш салады.

Абай — озық идеяларымен ХІХ ғасырдағы қазақ әдебитінде айрықша орын алған қазақ халқының классик ақыны, өз заманының шындығын ақиқаттықпен шебер суреттеген художник, кейінгілерге өшпес мұра, асыл қазына қалдырған сыншыл реалист.

Ұлы ақын өзінің тамаша шығармаларында сол кездегі дәуір шындығын реалистік түрде бейнеледі, қараңғылыққа, кертартпалыққа қарсы аянбай күресті. Халқын өнер-білімге шақырды. Абай мұрасының бағалылығы мен мәңгі жасайтындығының негізгі түйіні осында.

 

Абайдың өмірі мен творчествосы.

Мақалалар жинағы / Редакциясын басқарған

М. Ақынжанов және З. Ахметов. – Алма-Ата:

ҚазССР  ҒА баспасы, 1954. – 132-142-беттер.

 

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Яндекс
facebook twitter Vkontakte Mail.ru
Хабарландыру
Конференцияға қатысу және материалдарды жариялау үшін сұраныстар жасау мерзімдері:


«Аударматану мен әдеби компаративистиканың өзекті мәселелері» Әр жылдың 5 ақпанына дейін

«Абай және қазіргі заман» Әр жылдың 5 сәуіріне дейін

«Мәдениетаралық коммуникация және әдеби компаративистика» Әр жылдың5 мамырына дейін

«М.Әуезов және әлем әдебиеті» Әр жылдың5 қыркүйегіне дейін

«Қабдолов оқулары» Әр жылдың 15 қарашасына дейін

Ыстықкөл форумы «Ш.Т.Айтматов және әлем әдебиеті» Әр жылдың 01 мамырына дейін .
Баннерлер