Бөлімдер
open all | close all
Мұрағат
Күнтізбе
Август 2018
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июн    
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031  

«Дарабозда» дара тұрған ұстаз

Без имени-1Көккөзова Мария Балмұқанқызы – өзінің ұстаздық ұлағатын, білімі мен біліктілігін келешек ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге арнаған парасатты ұстаз.  Апайдың әрбір сабағы қызықты ақпарат пен тәлім толы болып, алдында отырған шәкіртінің пәнге деген қызығушылығын арттырумен қатар, білім алушының шығармашылық қабілетін дамытуға негізделеді. «Жаман мұғалім айтады, орташа ұстаз баяндайды, жақсы ұстаз түсіндіреді, ұлы ұстаз шәкіртін шабыттандырады», – деген  ұлы ұстаздың қанатты сөзінің соңғы сөйлемі – үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты, жас ұстаздарға тәлімгер, аяулы жар, асыл ана, жаны қиналған жанға қолын ұшын беруге әрқашан даяр осы біздің асыл апайға арналып айтылғандай.  Атына заты сай Мария апай өзінің ұстаз деген киелі атқа лайық ішкі дүниесін сыртқы келбетімен үйлестіріп ұстайтын әзиз жан. Дәрісханада біліктілігі жоғары, шебер ұстаз студенттерді өзінің ұстаздық қана емес, аналық мейірімімен баурап алса, байсалды, өнегелі ұстаз еңбек ұжымында үлкен-кішіге өзінің ұлағатты ісімен қадірлі.   Келбетінен күн  шуағы  төгілген Мария апай нұрлы жүзімен, әрқашан біліктілігін арттыру жолында талмай ізденетін еңбекқорлығымен, біліктілігімен, кез келген түйінді істі шиеленістірмей шеше алатын парасаттылығымен де айналасында жүрген жандарды жас ерекшелігіне қарамастан баурап алады. Үлгілі ұстаз өзінің өнегелі өмір жолын 1959-60 жылдары Темір қаласындағы орта мектеп-интернатта тәрбиеші болып қызмет етуден бастады. Қазақтың киелі білім шаңырағында білім алсам, қиын да қызықты ұстаз мамандығының қыры-сырын жан-жақты меңгерсем деген асыл арманның жетегімен еліміздің бас қаласы, мәдениет пен ғылымның ордасы – Алматы қаласына келіп, бұрынғы Киров атындағы, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсті. 1960-65 жылдары Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып, «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алып шықты. Мария Балмұқанқызы өзінің ұстаздық еңбек жолын мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болудан бастады. 1965-80ж. Алматы қаласындағы қазақ мектебінде ұстаздық қызметін атқарды. Оқу – инемен құдық қазғандай деп, дана аталарымыз атап айтқандай, тек, оқу ғана  емес, оқыту да қиын да күрделі үдеріс. Оқушыларға үйрете жүріп, өзі де ұстаздық маманның қыры-сырын, педагогикалық шеберлікті аса ыждаһаттылықпен меңгеруге ұмтылған жас мұғалімнің еңбегі ескерусіз қалған жоқ. «Қазақстан Республикасының білім беру саласының үздігі» атанды. Ізденімпаз, кәсіби деңгейін әрдайым жоғары сатыда ұстап, өз маманының шебері болуға ұмтылған ізденіс жолы Мария апайды мектептен университетке алып келді.  1980-83ж. Қазақ мемлекеттік университетінің аспиранты болды. 1986 жылы «Жамбыл шығармаларындағы педагогикалық идеялар» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болды. 1983 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне    оқытушылық қызметке орналасады. Содан бері қазақ филологиясы кафедраның ұлағатты ұстазы болды.  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде отыз жылдан астам уақыт «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» атты теориялық курс пен бірнеше арнаулы курс бойынша жоғары ғылыми-теориялық деңгейде дәріс оқыды. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Мария Балмұқанқызы – 100-ден астам ғылыми мақалалар мен он шақты оқу құралдарының, бірнеше типтік оқу бағдарламаларының авторы. Бірнеше жыл оқытып келген «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» атты арнайы дәрістің үздік маманы. Қазақ тілін оқыту әдістемесінен жазған еңбектері: «Әдіскер тағылымы», «Шетел азаматтарына қазақ тілін оқытуға арналған көмекші құралы», студенттер мен мектеп ұстаздарына үлкен көмекші құрал болып табылады. 2009 жылдан бастап қазіргі уақытта  ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінде шетел азаматтарына дәріс оқып, жемісті қызмет етуде. «Қызықты грамматика», «Қазақтың тілші – әдіскер тұлғалары» атты еңбектері қазақ тілін оқытуда таптырмайтын әдістемелік еңбектер екені даусыз. Сонымен қатар алыс-таяу шетел баспасөз материалдарында да мақалалары жарық көруде, «Жамбыл шығармаларындағы тәрбие туралы» атты оқу құралы мен «Ала бұзау» әңгімелер жинағы –  көп жылғы еңбектерінің жемісі. «Жамбыл» сыйлығының  лауреаты, автордың авторлық бірлестікпен  жарық көрген «Әдіскер тағылымы» атты еңбегі –  атақты қазақ педагогтерінің еңбектеріне талдау жасап, олардың келешек ұрпаққа берер тағылымы мен тәлімі туралы қарастырған, жас ұстаздардың біліктілігін арттыруға жәрдем беретін маңызды педагогикалық еңбек.  Сондай-ақ ұстаздың көп жылғы ғылыми-зерттеулері, мақалалары тіл білімін зерттеушілер мен ізденушілерге қажетті іргелі еңбектер болып саналады.

        Еліміздің жетекші оқу орындарының бірі емес, бірегейі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Мария Балмұқанқызының табысты еңбек еткеніне қырық  жылдың жүзі болды. Әсіресе мемлекеттік тіліміздің өз тұғырында тұрақты болуы үшін аянбай еңбек етіп жүр. «Қызықты қазақ тілі» кітабы дәрісханада қазақ тілінің грамматикасын оңтайлап сабақты қызықты  етіп өткізуге арналса, 2012 жылы шыққан «Қазақ тілінің типтік бағдарламасы»мен «Қазақ тілі» оқу-әдістемелік құралы шетелден келген қандастарымызға қазақ тілін қарқынды түрде оқытып, кешенді тестілеуді табысты тапсырып, жоғары оқу орнына түсуге дайындауға арналған. Сонымен қатар тәжірибесі аз, жас ұстаздарға тәлімдік мәні зор шеберлер сыныбын өткізіп, жас мамандардың біліктілігін арттырып, кәсіби біліктілігін шыңдай түсу жолында «шеберлер сыныбын»,  «ашық сабақтар» өткізеді, әдістемелік семинарлар ұйымдастырады. Қазіргі уақытта Ауғанстаннан келген шетелдік білім алушыларға мемлекеттік тілден сабақ беріп жүрген ұстаз осы өзгетілді дәрісханада оқытылатын қазақ тілі пәнінің әдістемелік ерекшеліктері мен мәселесі аясында іргелі зерттеу жұмысын жүргізуде. «Қазақ тілін шет тілі ретінде оқытудың инновациялық әдістемесі» атты ғылыми-әдістемелік зерттеу жұмысы аясында еңбек етуде. Апайдан өнегелі тәлім, терең білім алған шәкірттері қазіргі уақытта еліміздің әртүрлі басшылық бөлімдерінде, ғылыми-өндірістік салаларында, оқу орындарында табысты қызмет атқарып жүр. Мария апайдың өзгелерден даралап тұратын ерекше қасиеті  – апайдың талмай ізденетіні. Жас ұрпақтың тәрбиесіне ешқашан бейжай қарамайтын Мария Балмұқанқызы балаларға арнап әртүрлі тақырыпта олардың жас ерекшелігіне лайықтап әңгімелер жазды. Білім саласында ғана емес, балалар әдебиеті саласында тартқан қаламы қарымды шыққан Мария Балмұқанқызы 400-ден астам жазушылар  арасынан дара шығып,  халықаралық әдеби «Дарабоз» сыйлығында үшінші орынды иеленіп, жүлдегер атанды.  Осы мақаланың авторы,  Мария апайдан тәлім алған мен де, осы университете еңбек етіп жүрмін. «Дарабоз» сыйлығында жүлделі орынды жеңіп алғаныңызбен құттықтай отыра, еңбек ұжымының және шәкірттерінің атынан, ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСТАЗЫ, МАРИЯ АПАЙ! Еңбектегі табысыңыз, шығармашылықта жетістіктеріңіз құтты болсын! Тағылымды ғұмырыңыз ұзақ, өміріңіз шуақты, деніңіз  қуатты болсын, әрқашанда толағайлы табыс еңбегіңіздің жемісін көріңіз! – дегім келеді.

    Наралиева Рахила Турсыновна, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Яндекс
facebook twitter Vkontakte Mail.ru
Хабарландыру
Конференцияға қатысу және материалдарды жариялау үшін сұраныстар жасау мерзімдері:


«Аударматану мен әдеби компаративистиканың өзекті мәселелері» Әр жылдың 5 ақпанына дейін

«Абай және қазіргі заман» Әр жылдың 5 сәуіріне дейін

«Мәдениетаралық коммуникация және әдеби компаративистика» Әр жылдың5 мамырына дейін

«М.Әуезов және әлем әдебиеті» Әр жылдың5 қыркүйегіне дейін

«Қабдолов оқулары» Әр жылдың 15 қарашасына дейін

Ыстықкөл форумы «Ш.Т.Айтматов және әлем әдебиеті» Әр жылдың 01 мамырына дейін .
Баннерлер